- Басты бет
- Жаңалықтар
- Астанада ШЫҰ университеттерінің халықаралық байланысы туралы кітаптың тұсаукесері өтті
Астанада ШЫҰ университеттерінің халықаралық байланысы туралы кітаптың тұсаукесері өтті
Астанада «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған кітапты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Сиань Цзяотун университеті бірлесіп шығарды.
Салтанатты шараға ҚХР білім министрі Хуай Цзиньпэн, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Жібек жолы университеттері альянсының хатшылығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Сиань Цзяотун университетінің ректоры Чжан Лицюнь, Астана IT университеті ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев және 30 жоғары оқу орнының ректоры қатысты.
Жинаққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ-да сөйлеген сөздері енгізілген. Сондай-ақ ШЫҰ-ға қатысушы елдердің білім-ғылым, халықаралық ынтымақтастық саласындағы ортақ табыстары мен бірлесе атқарған жұмыстары орыс, ағылшын, қытай тілдерінде баяндалған.
«Кітапқа енген мақалаларда жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері көтеріледі. Көптеген жоғары оқу орындары ШЫҰ шеңберінде ғылым мен білім бойынша жемісті серіктестікті дамыту тәжірибесімен бөлісті. Мұндай жоба алғаш рет жүзеге асып отыр. 2024 жылдың қазан айында Жібек жолы университеттік альянсының форумын өткізу жоспарлануда. Осы іс-шараға біз ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саммитінің нәтижесін ескере отырып, кітаптың кеңейтілген нұсқасын шығаруды көздеп отырмыз», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.
Сонымен қатар кітапқа Ресей халықтар достығы университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Мәскеу мемлекеттік заң университетінің, Самарқан мемлекеттік университетінің, Ташкент мемлекеттік техникалық университетінің, Тәжік ұлттық университетінің, Қырғызстан халықаралық университетінің, Беларусь мемлекеттік университетінің, Сиань Цзяотун университетінің және басқа оқу орындары ректорларының мақалалары қосылған.
Шараға қатысушылар жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері көтерілген туындыға қызығушылықпен қарап, өз ризашылықтарын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі