ҚазҰУ мен Цзяотун университеті бірге ғылыми-инновациялық хаб құрады

5 шілде, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Сиань Цзяотун университетінің президенті Чжан Лицюнь бастаған делегация жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының ұжымымен кездесті.

Жүздесуге проректорлар, департамент пен құрылымдық бөлім басшылары, факультет декандары, ғалымдар, оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, екі университет арасындағы байланыс жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын жеткізді. «ҚазҰУ мен Цзяотун университетінің ынтымақтастығы өзара құрмет пен қолдау рухында ұдайы нығайып келеді. Кеше Астана қаласында ШЫҰ  университеттерінің халықаралық симпозиумын жоғары деңгейде өткіздік. Шара барысында қос оқу ордасы бірге «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы» атты кітапты шығарды. Мұндай жоба алғаш рет жүзеге асып отыр. Екі тарап та алдағы уақытта серіктестікті одан әрі дамытуға ниетті. Бұған екі ЖОО-ның әлеуеті жетеді», – деді ректор.

Сонымен қатар ҚазҰУ басшысы Астанада өткен симпозиум аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚХР Сиань Цзяотун университеті өзара студент алмасу бойынша келісімге қол қойғанын атап өтті. Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев қос университет бірлесіп ортақ ғылыми-инновациялық хаб құруға уағдаласқанын айтты.

«Құрылатын ғылыми хаб екіжақты ғалымдардың  өзара байланысын нығайтуға жол ашады. Ол жерде ҚазҰУ ғалымдары жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Цзяотун университеті – Қытайдағы ғылым мен білім бойынша көшбасшы жоғары оқу орындарының бірегейі. Сонымен қатар Цзяотун университетіне ҚазҰУ-дың 100 студенті қаржысыз барып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Аталған бастамалардың барлығы үлкен жетістіктерге жеткізеді деп сенемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде Сиань Цзяотун университетінің президенті Чжан Лицюнь ілтипат бідіргені үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізіп, екі ЖОО арасындағы тығыз қарым-қатынастың нәтижесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың халықаралық аренадағы рөлі нығайып келе жатқанын атап өтті. Құрметті мейманның айтуынша, қос университет ғылым мен жоғары білім саласындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға тиіс.

«Цзяотун университеті – Қытайдағы көне жоғары оқу орны. Келесі жылы білім ордасына 130 жыл толады. Қазіргі таңда университетте 59 мыңнан астам студент білім алады. Оның 31 мыңнан астамы магистранттар, 10 мыңнан астамы докторанттар. Бүгінде Цзяотун университеті жасанды интеллект, энергетика, гуманитарлық бағыт бойынша ауқымды жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Ал халықаралық рейтинг нәтижесі бойынша машина-инженерия саласында әлемде бірінші орындамыз. Болашақта ҚазҰУ мен Цзяотун университеті  әлі де ауқымды жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде ғылыми байланысты нығайтып, ортақ хаб құру жұмыстарын күшейтуге тиіс», – деді Чжан Лицюнь.

Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев Сиань Цзяотун университетінің президенті Чжан Лицюньге Ғылыми кеңестің шешімімен «ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағын табыстады.

Шарадан соң делегация мүшелері оқу ордасы базасындағы ғылыми зертханалар мен орталықтарды аралап көріп, ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Кейін ҚазҰУ-да ашылған Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалында болып, жұмыс нәтижелеріне қанықты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі