ҚазҰУ Кёндон университетімен әріптестік орнатады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Кёндон университетінің президенті Ли Джон бастаған делегация құрамымен кездесті.
Жүздесуде сөз алған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев білім ордасының қызметі мен оның жетістіктерін баяндап, университет қабырғасында шығыс тілдерін үйрену ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастау алғанын атап өтті. «Университетіміздегі шығыстану факультеті шетелдерде және еліміздің экономикасы мен сыртқы саясатының түрлі саласында сұранысқа ие шығыс тілдерін меңгерген жоғары білікті мамандар даярлайтын ірі орталық саналады. Аталған факультетте Қиыр Шығыс кафедрасы табысты жұмыс істейді», – деді ректор. Сондай-ақ университет басшысы ҚазҰУ-дың Корея елінің жоғары оқу орындарымен, институттары және ұйымдарымен түрлі саладағы ғылыми-білім беру тәжірибесіне жекелей тоқталды.
Өз кезегінде сөз алған Кёндон университетінің президенті Ли Джон ҚазҰУ басшылығының қабылдауына алғысын білдіріп, Кёндон университетінің тарихына қысқаша тоқталды. «Бүгінде 35 факультеті бар Кёндон университеті 1981 жылы құрылған. Онда 10 мыңнан астам студент білім алады, оның 20 пайызын шетелдік студенттер құрайды. Осы ретте сіздермен студент алмасу, ғылыми зерттеу жүргізу, қос диплом бағдарламаларын бірлесе іске асыру бойынша әріптестік орнатуға әзірміз», – деді Ли Джон мырза.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Оңтүстік Кореяның 59 жоғары оқу орны және ұйымдарымен белсенді стратегиялық ынтымақтастыққа ие. Жетекші корей ғалымдары білім ордасының PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік етуге және дәріс оқуға тартылған. Атап айтсақ, 2022 жылы ҚазҰУ-ға Сунмен университетінің үш профессоры студенттерге дәріс оқуға арнайы келіп кетті. Ал ұзақ мерзімді негізде профессор Ли Бенг Джо оқытушылық қызметпен айналысады. Университетте Корея тарихы, мәдениеті, саясаты, экономикасы және корей тілін үйрену мен оны жан-жақты зерттеуге бағытталған Халықаралық корейтану орталығы табысты жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі