Ректор докторанттарға диплом табыстады

9 шілде, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқу ордасын үздік бітірген докторанттармен кездесіп, дипломдарын табыстады.

Жүздесуде ЖОО басшысы түлектерге университеттің жетістігі туралы айтып, ғылыми әлеуетіне тоқталды. «Ағымдағы жылы ҚазҰУ айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Университет QS халықаралық рейтингінде Топ-200 ЖОО қатарына қосылып, 163-орынға ие болды. ҚазҰУ базасында көптеген ғылыми орталықтар мен зертханалар ашылды.  Ғалымдардың емін-еркін жұмыс істеулері үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Шетелдік университеттермен байланыс артты. Бұл өз кезегінде ғалымдардың шетел ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеулеріне, тәжірибе алмасуларына және ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруларына жол ашты», – деді ректор.

Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев бітіруші докторанттарға жылы лебізін білдіріп, алдағы ғылыми жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Сіздер енді PhD докторсыздар. Сіздерге артылар жүк те ауыр болмақ. Отандық ғылымды дамыту жұмыстарына белсенді араласуларыңыз қажет. Еліміздің ғылыми әлеуетін жоғарылату сіздердің қолдарыңызда», – деді ЖОО басшысы.

Кездесу барысында PhD докторанттар ҚазҰУ басшылығына ризашылықтарын жеткізіп, дәріс берген барша оқытушыларға алғыстарын айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі