Al-Farabi Business School серіктестігі кеңеюде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Аl-Farabi Business School өкілдері Испания мен Португалияның жоғары оқу орындарына барды. Іскерлік сапардың мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты тереңдету және Еуропаның жетекші оқу орындарымен жаңа серіктестік байланыстар орнату.
Al-Farabi Business School делегациясы GBSB-Global Business School басшылығымен кездесіп, өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Бұл бизнес-мектеп халықаралық деңгейде танылған және ACBSP, MFHEA, ASIC және CBA, BSB Global ұйымдарымен аккредиттелген.
Іссапар аясында мамандар ҚазҰУ магистранттарына арналған тағылымдама бағдарламасымен танысты. Бизнес-мектептің ресми өкілдерімен кездесулер оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жолдарын бірлесіп қарастыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Al-Farabi Business School және Porto Business School ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Porto Business School QS 2024 Europe Ranking рейтингінде 108-орында және 2011 жылдан бері Financial Times рейтингінде халықаралық қатысуымен және тұрақты қатысуымен, сондай-ақ кәсіпкерліктегі жетістіктері үшін AMBA сыйлығымен танымал. Сапар барысында теориялық оқытуды да, Португалияның жетекші компанияларымен практикалық өзара іс-қимылды да қамтитын қазақстандық магистранттар мен докторанттар үшін арнайы тағылымдама бағдарламасы талқыланып, құрылды.
Сондай-ақ ҚазҰУ Бизнес-мектебінің делегациясы Испанияның жетекші автономды университеттерінің бірі – Мадрид автономиялық университетінде де кездесу өткізді. Тараптар өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойып, университеттер арасындағы қосдипломдық бағдарламаның іске асырылу барысын саралады.
Al-Farabi Business School магистранттары биылғы күз айында Мадрид автономды университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуді жоспарлап отыр. Бұл іссапар ҚазҰУ Бизнес-мектебінің халықаралық байланыстарын дамытуға және әлемдік білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтуға жаңа жол ашады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі