Нанкин университетімен серіктестік артуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Нанкин университетінің (ҚХР) делегациясы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында екі оқу орны басшылығының өкілдері кездесіп, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі.
ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректордың м.а. Еркін Дүйсенов шетелдік әріптестердің ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық танытқанына алғысын білдірді. Сондай-ақ Астанада өткен ШЫҰ саммитінің күн тәртібіне сәйкес, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым мен білім саласындағы өзара іс-қимылдың өзектілігінің артқанын атап өтті.
Қазіргі таңда еліміздің жетекші университеті ҚХР-дың 63 жоғары оқу орнымен тығыз ынтымақтастық байланыста, оның ішінде Пекин университеті, Шанхай шет тілдер университеті, Шанхай саясат және құқық университеті, Ухан университеті және басқалар бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Нанкин ғылым және технология университетінің (ҚХР) жемісті әріптестігі аясында энергия тиімді нанотехнологиялар жөніндегі бірлескен халықаралық Қазақстан-Қытай ғылыми зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Шығыстану факультетінің базасында Конфуций институты табысты жұмыс істейді, Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды, онда «Электроника және коммуникациялық технологиялар», «Материалтану және инженерия», «Компьютерлік ғылым және технологиялар» сынды үш қосдипломды бағдарлама бойынша оқыту басталған.
Университетте Ғылым академиясымен және ҚХР жоғары оқу орындарымен бірлесе Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, Қытай-Қазақстан бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасы, «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасы құрылды және қызу ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қол қойылған келісімдер шеңберінде академиялық, ғылыми-зерттеу, университет студенттерінің ҚХР жоғары оқу орындарында білім алуы мен тәжірибе жинақтау жұмыстары да жүзеге асуда. Сондай-ақ ҚазҰУ-ға шетелдік жетекші профессорлар мен ғалымдар да арнайы дәріс оқуға тартылған. Қазіргі уақытта университетте ҚХР-дың 969 студенті білім алады. Өз сөзінде Еркін Ерманұлы бүгінгі жүздесудің жемісті, өзара тиімді серіктестіктің жаңа бағыттары мен перспективаларын белгілей отырып, оң нәтиже беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Нанкин университеті партия комитетінің хатшысы Тан Тиеню ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға дайын екендіктерін жеткізіп, ҚазҰУ басшылығының қабылдауы мен жәрдемдесуіне алғысын білдірді. Кездесу аясында Қытайдағы ең көне және беделді жоғары білім беру мекемелерінің бірі – Нанкин университеті жайлы бейнежазба ұсынылды. Аталған ЖОО «Лига С9» Қытайдың тоғыз элиталық жоғары оқу орындарының құрамына кіреді.
Жүздесу барысында тараптар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру, академиялық алмасу және басқа да саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі