ҚазҰУ студенттері Шыңжаң университетіндегі жазғы мектепке қатысты

31 шілде, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері Үрімші қаласында өткен «Құрғақ өңірлердің географиясын оқыту саласындағы ғылыми-техникалық инновациялық және білім беру қызметі» атты жазғы мектепті сәтті аяқтады.

Жазғы мектеп бағдарламасы географиядағы климаттың өзгеруі, урбанизация процестері және географиялық зерттеулердің жаңа технологиялары мен әдістері сынды озық ғылыми мәселелер бойынша дәрістерді қамтыды. Оқу үдерісінен басқа, студенттерге Қытайдың тарихи және мәдени мұрасымен танысу мақсатында мұражайлар мен мәдени орталықтарға экскурсиялар ұйымдастырылды.

Жазғы мектептің жабылу шарасына география ғылымдары және қашықтықтан зондтау колледжінің өкілдері қатысты. Колледж деканы барлық қатысушыларды алғашқы жазғы мектептің сәтті аяқталуымен құттықтап, барлық оқытушылар мен қатысушылар және еріктілерге алғысын білдірді. Сондай-ақ ол аталған шара білім ордасының одан әрі ынтымақтастығының бастамасы болатынын және барша қатысушыларға ерекше әсер қалдырды деген үмітін білдірді.

«Бұл іс-шараның Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық алмасу мен ғылыми байланыстарды орнату үшін маңызы зор», - деді ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, PhD Дана Шоқпарова.

Жазғы мектеп бағдарламасы студенттердің білімі мен тәжірибесін кеңейтуге бағытталған көптеген дәрістер, семинарлар мен мәдени іс-шараларды қамтыды.

Шараға қатысушылар ұйымдастырушылар мен оқытушыларға білімдерін тереңдету мен жаңа байланыстар орнатуға берілген мүмкіндік үшін алғыстарын білдірді. Шара аясында студенттерге сертификаттар табысталды.

Білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсете отырып, жазғы мектеп академиялық және мәдени өзара іс-қимылдың табысты алаңына айналды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі