ҚазҰУ ғалымдары далалық зерттеулер жүргізуде

1 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары еліміздің батыс өңірінде далалық зерттеулер жүргізуде. Мамандар аймақтың тұрақты экологиялық-әлеуметтік-экономикалық дамуы, экология, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау мәселелерін зерттеуде.

Зерттеу жұмыстары «Жасыл өсу контекстінде Батыс Қазақстан аймақтарының табиғи, экономикалық және әлуметтік шаруашылық жүйелерін тұрақты дамыту: кешенді талдау, концепциясы, болжамдық бағалау және сценарийлер» тақырыбындағы мега жоба аясында іске асырылуда.

Далалық экспедицияға география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының оқытушылары, сондай-ақ ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтықтан зондтау орталығының қызметкерлері қатысуда.

Экспедицияның негізгі міндеттері – табиғи ландшафттардың қазіргі жағдайын зерттеу, олардың антропогендік бұзылу дәрежесін анықтау және шаруашылық іс-әрекеттен туындаған аймақтың экологиялық мәселелерін анықтау. Зерттеулер климаттың өзгеруімен күресуге бағытталған ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) – 13 және құрлық экожүйелерін сақтау бойынша бағытталған ТДМ 15 бағыттарын іске асыру шеңберінде жүргізілуде.

Далалық зерттеулердің нәтижесі – өңір ландшафттарының антропогендік бұзылуын бағалау және белгіленген учаскелерде ЖҚЗ (Жерді қашықтан зондтау) деректерін растау болып табылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басапсөз қызметі