ҚазҰУ мен Сүлейман Демирел университетінің ынтымақтастығы артуда

6 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев Сүлейман Демирел университетінің (Ыспарта, Түркия) делегация құрамымен кездесті.  Делегация өкілдерін түркиялық жоғары оқу орнының ректоры Мехмет Салтан бастап келді.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қонақтарға QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 9 көрсеткіш бойынша 230-дан 163-орынға көтерілген зерттеу университетінің соңғы жетістіктері туралы айтып берді. Университет басшысы ҚазҰУ базасында шетелдік жоғары оқу орындарының – МИФИ ҰЯЗУ (Ресей) және СБПУ (Қытай) филиалдары құрылғанын ерекше атап өтті.

Еліміздің жетекші университеті Түркияның 37 жоғары оқу орнымен, соның ішінде Ыстамбұл университеті, Серрахпаш, Ақтеңіз, Анкара және басқа да білім ордаларымен белсенді ынтымақтасады. Көптеген жылдардан бері шетелдік ғалымдарды оқытушылық қызметке тарту бағдарламасы жұмыс істейді (Эразмус+, факультет жобалары). Соңғы оқу жылында оқу процесіне қатысқан шақырылған шетелдік профессорлардың жалпы саны 137 адамды құрады.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 11 мамырдағы ресми сапарына байланысты Ыстамбұлда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды.

2024 жылдың ақпан айында ҚазҰУ студенттері Сүлейман Демирел университетінде тағылымдамадан өтті. Эразмус+ бағдарламасы шеңберінде әріптес жоғары оқу орындары арасында академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру туралы шарт жасалды.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде қос жоғары оқу орнының ынтымақтастығының болашағы зор екендігіне және ортақ бастамаларды қолдауға дайын екендігіне сенім білдірді.

Өз кезегінде Сүлейман Демирел университетінің ректоры Мехмет Салтан Түркияның үздік 20 ЖОО қатарына кіретін университет кампусының инфрақұрылымы мен ерекшеліктері туралы айтып берді. «Қазіргі таңда универсиетімізде Қазақстаннан 40 студент табысты білім алуда. Олар оқуда ерекше еңбекқорлық пен ізденімпаздықтарымен ерекшеленуде. Жалпы, академиялық ұтқырлық бағыты да жақсы нәтиже беруде», - деді Мехмет Салтан.

Кездесу соңында тараптар одан әрі ынтымақтастық бағыттарын атап айтқанда, түрік тілін оқыту, дәріптеу, студент алмасу және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Түркиядан профессорларды тарту мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі