Қытай мамандарымен ғылыми байланыс артады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Қазақстан-Қытай сауда қауымдастығының Басқарма төрағасы Қанат Бейсек және Қытайдың Линьи қаласынан келген делегация құрамы жұмыс сапарымен келді.
Кездесу Алматы қаласында ұйымдастырылып жатқан Линьи қаласының өнеркәсіптік тауарлары мен қызметтерінің көрмесі аясында өтті. Ауқымды шараның бастамашысы – «Қазақстан-Қытай саудаға жәрдемдесу қауымдастығы» және Линьи қаласының (Шаньдун провинциясы, ҚХР) әкімшілігі.
«Қытайдың логистикалық астанасы» атанған Линьи қаласы Шаньдун провинциясындағы кәсіпкерліктен түсетін салық түсімдері бойынша ҚХР-да 5-ші орында және ауыл шаруашылығы, сауда, туризм, әртүрлі тауарлар мен қызметтерді өндіру, ғылыми қызмет саласындағы жетістіктерімен танымал.
Көрме бағдарламасы аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен танысуға келген қытайлық делегация мүшелері үшін арнайы кампус-тур ұйымдастырылды.
Қонақтар ҚазҰУ базасындағы «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасын, «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының 10 инновациялық зертханасын және «Электрохимиялық өндіріс технологиялары зертханасын» аралап, ғалымдармен пікрлесіп, іске асырылып жатқан жобалармен танысты.
Қазақ-Қытай сауда қауымдастығының төрағасы Қанат Бейсек университеттің ғылыми және білім беру мүмкіндіктерін жоғары бағалап, екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық бағыттарының қарқынды дамып отырғанын атап өтті.
Делегация құрамы ҚазҰУ-да жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулерге және университет студенттері мен оқытушыларының халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларына қатысу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
Қос тарап жақын арада ғылыми байланыстарды одан әрі нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру туралы уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі