ҚАЗҰУ-ДА АБАЙТАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ САРАЛАНДЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай күніне орай «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және ілімі» тақырыбында V-халықаралық конференция өтті.
Конференция жұмысына Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, АҚШ елдерінен келген әдебиеттанушы мамандар, қазақстандық ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, докторанттар, магистранттар қатысты.
Жиынның модераторы – ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебайұлы бүгінгі іс-шара ҚазҰУ-дың 90 жылдығы мен Абай ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың шешімімен Абай ғылыми-зерттеу институтына Әл-Фараби кітапханасы ғимаратынан арнайы жұмыс кабинеті берілді.
Институт қазақстандық гуманитарлық ғылымның, абайтанудың дамуына зор үлес қосып, ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бүгінде институттың ресми вебсайтында (www.abai.kaznu.kz) ғылыми, әдістемелік, көркем әдебиеттер мен оқулықтардың электронды қоры жасалған. Онда мыңнан аса әдебиеттер топтастырылған және үнемі толықтырылуда.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық сериялық басылымы (томдар: 1-50, «Қазақ университеті» баспасы) жарық көріп, Қазақстанда алғаш рет ҚазҰУ-да абайтану ғылымының тарихы хронологиялық түрде жүйеленіп, бір ізге түсірілді.
«Абайтану антологиясы. Он томдық» («Қазақ университеті» баспасы) топтамасы және «Абай институтының еңбектері» сериялық басылымының кітаптары (барлығы 23 кітап) жарық көрді.
«Абайдың кісілік кодексі» және Абай ілімін білу, түсіну, қолдану тұжырымдамасы жасалды.
Жоғары білім беру бағдарламаларының жалпыға білім беретін пәндер циклі қатарына таңдау компоненті ретінде «Абай ілімі» атты оқу пәні оқу үдерісіне енгізілді.
Конференцияға қатысушылар Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы мен ілімін заманауи бағытта саралау, халықаралық деңгейде бірлескен жаңа ғылыми талдауларға жол ашу мәселелерін талқылап, пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі