ҚазҰУ Ректоры қалалық тамыз саммитіне қатысты

16 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған оқытушы-профессорлар  құрамы оқу жылының басталуына байланысты ұйымдастырылған «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» атты педагогтердің тамыз саммитіне қатысты.

Саммитке 2500-ден астам білім беру қызметкерлері, қазақстандық және халықаралық сарапшылар, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрия Ниязова, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ЖОО ректорлары  қатысты.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев педагогтарды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтады.

«Биылғы саммит бағдарламасы заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллектті білім беру үдерісіне біріктіруге бағытталған. Бұл интеграция білім алу мен оқу сапасын жақсартуға жаңа жол ашады. Алматыда бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр, онда цифрлық шешімдер біздің балаларымыз үшін білім беру сапасын арттырады, өзгертеді. Мысалы, Kitap.kz, TopIQ.kz, «AlmatyKids.kz» пилоттық режимде жаңа жобалар сәтті жүзеге асып, жасанды интеллект негізінде виртуалды репетиторды енгізу көзделген», – деді қала басшысы.

Саммит барысында пленарлық отырыс өтіп, педагогтардың біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне инновацияларды енгізу мәселесі талқыланып, білім беру саласын дамытудың жаңа векторлары айқындалды.

Сондай-ақ жиында білім беруді цифрландыру және цифрлық инновация саласындағы мемлекеттік саясат мәселесі, балалар мен педагогтардың киберқауіпсіздігі мәселесі, оның ішінде этикалық аспектілер талқыланды.

Іс-шара соңында білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар педагог арнайы марапаттарға ие болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі