ҚазҰУ-да «Senat Open Cup 2024» шахмат турнирінің жартылай финалы өтті

18 тамыз, 2024

​Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Senat Open Cup 2024» шахмат турнирінің жартылай финалы өтті. Шараға мәслихат депутаттары, облыстық және қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Сайыста «Оңтүстік» және «Шығыс Қазақстан» аймағынан яғни, Алматы қаласы, Жетісу, Абай, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 100-ден астам ойыншы бақ сынасты.


«Қазақстанда соңғы жылдары шахмат қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан аталған ойын түріне көп көңіл бөлінуде. «Senat Open Cup 2024» шахмат турнирі елімізде тұңғыш рет өтіп отыр. Болашақта дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарда бар», - дейді Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.


Турнирдің ашылуында ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Шахмат – интеллектуалды ойын. Мидың жұмысын дамытып, ойлау қабілетін жақсартады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахматты дамыту үшін арнайы орталықтар ашуды тапсырған болатын. Бұл жастар үшін жасалып жатқан үлкен мүмкіндік. Сондықтан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осындай қоғамдық және спорттық шараларды бірлесіп өткізуге дайын екенін жеткізгім келеді», - деді проректор.


Жартылай финалда үздік шыққан 25 ойыншы тамыз айының соңында өтетін «Senat Open Cup 2024» финалында бәсекеге түседі.
Сондай-ақ шахматтан бөлек V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында «Абай» жұлдесіне арналған тоғызқұмалақтан жарыс өткен болатын.

 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі