Индонезия университетімен әріптестік орнады

19 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Индонезияға жұмыс сапары барысында Маликуссалех университетінің ректоры Герман Фитрамен кездесті.

Тараптар келіссөз жүргізіп, ҚазҰУ мен Маликуссалех университеті арасында байланыс орнату жайын талқылады.

Кездесуде ректорлар ынтымақтасуға ниет ету құжатына қол қойды. Келісім арқылы университеттер ғылым мен білім беру саласында өзара тиімді серіктестік орнатуға күш салады. Болашақта екі жоғары оқу орны академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқытушылар мен студенттер алмасып, бірлескен семинарлар мен ғылыми конференциялар өткізеді. Сонымен қатар ортақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Маликуссалех университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевқа оқу ордасының тарихы туралы айтып, қызметімен таныстырды. Герман Фитра өз сөзінде бүгінгі келісім екіжақты байланысты дамытуға негіз болатынын жеткізді.

«Маликуссалех университеті ҚазҰУ-мен жан-жақты  серіктестікті дамытуға мүдделі. Бүгінгі келіссөз екі университет арасындағы басты нәтиже. Алдағы уақытта маңызды уағдаластықтарға қол жеткізетінімізге сенімдімін», –  деді Герман Фитра.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев  ілтипат білдіргені үшін Герман Фитраға алғыс айтып, екі университеттің мақсаты ортақ екеніне тоқталды.

«ҚазҰУ  Маликуссалех университетімен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті екенін атап өткім келеді. Менің Индонезияға жасаған сапарым екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан айтулы оқиға деп санаймын. Болашақта бірлесіп ауқымды нәтижелерге жететінімізге сенемін», – деді Жансейіт Түймебаев.

Жүздесу соңында тараптар аталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі