Бар-Илан университеті Қазұу-дың 20 студентін оқытуға дайын

20 тамыз, 2024

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ғылым мен білім саласындағы тәжірибе алмасу аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Бар-Илан (Израиль) университетінің делегациясымен кездесу өтті. Делегацияны инженерия факультетінің деканы Зеев Залевский басқарды. 

Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректоры м.а. Еркін Дүйсенов қонақтарға көшбасшы оқу орнының қызметі мен жетістіктері туралы баяндады.

ҚазҰУ-да оқудың үш деңгейінде – бакалавриат, магистратура, докторантурада 4000-ға жуық шетелдік студент білім алуда. ҚазҰУ әлемнің 600 шетелдік университеттерімен қарым-қатынас орнатқан. Жыл сайын  түрлі факультеттердің студенттері шетелдік серіктес университеттерде, соның ішінде Израильдің жоғары оқу орындарында білім алып,  тағылымдамадан өтеді. ҚазҰУ бүгінгі таңда Холон технологиялық институтымен және Хайфа университетімен тікелей серіктестік орнатты. ЖОО-лар студенттер және  оқытушылармен алмасады, бірлескен ғылыми жобаларды іске асырады, PhD докторанттарға басшылық жасап, дәріс оқуға профессорларды шақырады. ҚазҰУ мен Израильдің жоғары оқу орындары арасында академиялық ұтқырлық бағдарламалары жүзеге асырылады.

Келіссөздер барысында Бар-Илан университетінің инженерлік факультетінің деканы Зеев Залевский университеттің тарихы мен факультеттің білім беру бағдарламалары туралы әңгімелеп берді. Бар-Илан университетінің делегациясы академиялық байланыстарды дамытуға қызығушылық білдіріп, студенттермен алмасу және оқыту бағдарламасы бойынша бірлескен ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.

Жаңа оқу жылында оқу орны  ҚазҰУ-дың 20 студентін қабылдауға дайын. Соңында тараптар пікір алмасты және Бар-Илан университетінің делегациясы ғылым мен білім берудің түрлі салаларында ынтымақтастыққа негіз болатын өзара түсіністік туралы меморандум дайындауды және оған қол қоюды ұсынды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі