ҚазҰУ-да қытайлық студенттерге арналған жазғы лагерь өтуде

21 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытай Халық Республикасы Сиань қаласының студенттері жазғы лагерьге келді.

 

Үш күн ішінде Қытайдың 10 ЖОО-ның 37 студенті мен 3 оқытушысы Қазақстан тарихы және ата-бабаларымыздың мәдени мұрасымен танысады.

Ауқымды шараны тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы ұйымдастырды. Қытайлық студенттер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметімен танысып, тарихына үңілді.

«Жазғы лагердің мақсаты – Қазақстанның тарихымен таныстыру, еліміздегі жоғары оқу орындары туралы ақпарат беру, Қазақстанның ЖОО-ларына магистратураға оқуға түсуге қызықтыру.  Өтіп жатқан шараға Қытай тарапынан оқытушы-профессорлар да қатысып жатыр. Аталған лагерде тарих және мәдени салаларға басымдық беріліп отыр», – деді тарих факультетінің деканы Досбол Байқонақов.

Сонымен қатар ұйымастырушылардың айтуынша, студенттер Алматы қаласындағы өзге де университтерді аралап, музейлерге, тарихи ескерткіштерге, демалыс орындарына барады.

 «Менің атым Венди. Мен Қытайдағы Солтүстік-Батыс политехникалық университетінде оқимын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағына кіргенде бұл жердің тарихы тереңде екенін сезіндім. Экскурсия барысында оқу ордасының шежіресімен танысып, тарихи фотосуреттерді көрдім. Бұл сапар ерекше әсер қалдыруда. Қазақстанға, соның ішінде ҚазҰУ-ға келгеніме өте қуаныштымын», – деді жазғы лагер қатысушысы Венди.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың бірқатар жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта. Қазіргі таңда ҚазҰУ базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы табысты жұмыс істейді. Қытай ЖОО-ларымен академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы оқытушылар мен студенттер алмасу жұмысы жөнге қойылған. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі