ҚазҰУ Қытай компаниясымен келісімге қол қойды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Binlin Electronic Technology компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.
Делегация құрамында компания Бас директорының көмекшісі Хан Дан, Мемлекеттік хатшының көмекшісі Чэнь Чжиюнь, техникалық инженер Лэй Кан, Сиань Цзяотун университетінің профессоры София Уширова бар.
Келіссөз барысында тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен серіктестік мәселелерін талқылады. Сонымен қатар екіжақты келісімге қол қойды.
Келісім аясында екіжақ ғалымдары тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтайды. ІТ, ғарыштық технология, энергетика саласында бірлесіп жұмыс істеп, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асырады.
Жүздесуде Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға университет жетістіктерімен таныстырып, қытайлық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстардың жүйелі жолға қойылғанын атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылымға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде университет ғалымдары әзірлеген инновациялық жоба жетерлік. Қазіргі таңда ғылыми жобаларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. ҚазҰУ қалашығында Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары орналасқан», – деді ректор.
Өз кезегінде Binlin Electronic Technology компаниясы Бас директорының көмекшісі Хан Дан компания қызметімен таныстырып, дайындайтын өнімдер туралы ақпарат берді.
«Компания 2014 жылы құрылған. Біздің мақсат технология тұрғысынан халықтың сұранысын қамтамасыз ету. Жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, энергетика және сандық технологияны жетілдіру. 2018 жылдан бастап Қытай ЖОО-ларымен тығыз жұмыс істеуге кірістік. Соның нәтижесінде үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен ІТ, энергетика, ғарыштық технология бағыты бойынша сенімді серіктес болып, ауқымды жетістікке жететінімізге сенімдімін», - деді Хан Дан.
Кездесу соңында тараптар қол жеткізілген келісім аясында жүйелі жұмыс істеуге уағдаласты. Сондай-ақ болашақта ҚазҰУ мен Binlin Electronic Technology компаниясы бірлесіп ғылыми орталық құруға келісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі