ҚазҰУ ғалымы ҰҒА академигі атанды

27 тамыз, 2024

ҚазҰУ ректоры мен ғалымдар ҰҒА отырысына қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен оқу ордасының ғалымдары ҚР Ұлттық ғылым академиясына сайланған академиктерді ғылыми қоғамдастыққа ресми таныстыру шарасына қатысты.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев,  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, 42 ЖОО ректоры мен 40 ҒЗИ басшылары, 50-ден астам жас ғалымдар жиналды.

ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөзінде Қазақстан ғылымы саласындағы жүйелі реформалардың маңыздылығын және ғалымдардың салмақты дауысқа ие болатын жаңа басқару механизмін құру қажеттілігін атап өтті. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясын құру және оған мемлекеттік мәртебе беру осы жаңа жүйенің негізгі элементі екендігіне баса назар аударды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз бейнеүндеуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 маусымдағы Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру арқылы оның рөлін арттыру туралы тапсырмасын еске салды. Ол бұл тапсырманы іске асыру кезеңдерін, соның ішінде «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құруды және Академияға Президент жанындағы ерекше мәртебе берілгенін атап өтті. Министр сондай-ақ жақында ғана қол қойылған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның ғылым саласындағы соңғы уақыттағы басты жаңалықтардың бірі екенін жеткізді.

Жаңадан сайланған академиктерге дипломдар мен төсбелгілерді ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Заки ресми түрде табыс етті.

Солардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы, профессор Тілекқабыл Рамазанов бар. Ол «Жер, ғарыш және коммуникациялар туралы» ғылымдар бөлімшесі бойынша ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі