ҚазҰУ ұжымы мен студенттері Президент жолдауын тыңдады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы мен студенттері Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауын тыңдады.
Жолдау көрсетілімі университеттің 15 нүктесінде ұйымдастырылды. Президент жолдауы Қазақстанның алдағы кезеңдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына арналды.
Президент сөз басында Парламент өткен сессияда 102 заң қабылдағанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске, ғылым және технология саясатына, жылу энергетикасына қатысты және басқа да заңдар бар. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген. Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанына назар аударып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.
«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы бес жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуды, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюды, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсартуды, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалануды, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуді, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыруды, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды, экологиялық ахуалды жақсартып, қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуді, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруды, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды көздейтін бірқатар бастаманы ортаға салды.
Президент тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасын салу бойынша жалпыұлттық референдум қашан өтетінін айтты. «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді», – деді Президент.
Жолдауды ҚазҰУ басшылығы, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, оқытушылар мен студенттер мұқият тыңдады. Сондай-ақ жолдауда жүктелген міндеттерді талқылап, Президент бастамаларын қолдайтындарын білдірді.
«Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы жолдауын тыңдадық. Биылғы жолдау еліміздің экономикасын одан әрі дамыту үшін зор маңызға ие. Өңірлерді дамыту, энергетика саласын жетілдіру, көлік жасау, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық бағыт бойынша мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысы салық және банк салаларында заң тәртібін қайтадан қарау керектігін айтты. Біз жолдауды қуана тыңдадық және Мемлекет басшысы белгілеген негізгі мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға бағытталған жұмыстарға белсенді араласатын боламыз», – деді Бизнес-технологиялар кафедрасының доценті Мәдина Бейсенова.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі