Ректор қалашықтағы құрылыс жұмыстарын пысықтады

4 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ қалашығында жүргізіліп жатқан құрылыстардың жұмысын пысықтады.

Алдымен университет басшысы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына барды. Бүгінде Студенттер сарайындағы ескі жабдықтар толығымен шығарылып, босатылды. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін  жиһаздар толық ауыстырылып, сахна пердесі мен қажетті техникалық жабдықтар, көрермен отыратын орындықтар жаңартылады. Ғимараттың ішкі бөлігі соңғы үлгідегі дизайнмен жасалады.

Оқу ордасының ректорына құрылыс компаниясының өкілдері жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.

 

Кейін Жансейіт Түймебаев спорт кешеніне барып, күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Жоба бойынша екіқабатты ғимаратта білім алушы жастардың спортпен емін-еркін айналысуына барлық қажетті жағдай жасалады. Кешеннің сыртқы қасбеті жаңартылып, баскетбол, волейбол, күрес, гимнастика, бокс алаңдары салынады. Сондай-ақ киім ауыстыратын бөлме, душ, жаттығу залдары жаңартылады.

Ректор құрылыс нысандарын аралау барысында сала басшыларына студенттер арасындағы спортты дамыту үшін барлық спорт түрлеріне қажетті алаңдар жасақтау қажеттігін айтып, нақты тапсырма берді.

Сонымен қатар ЖОО ректоры қалашықта жаңадан салынып жатқан жатақхана мен оқу корпустарының құрылысын қадағалап, мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты сапалы және белгіленген мерзімінде аяқтауды жүктеді.

Жансейіт Түймебаев Farabi HUB және суперкомпьютер, робототехника орталығына барып, құрылыс барысымен танысты. Бүгінде Farabi HUB ғимаратындағы ішкі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоғары технологиялық жобалар мен өнімдерді инновациялық дамыту орталығының жалпы аумағы 5000 шаршы метрді құрайды. Мұнда ғылыми  жобалар мен стартаптарға арналған аудиториялар, белгілі шетелдік компаниялардың орталықтары, конференц-залдар, зертханалар, асхана, демалыс орындары мен көрме залдары орналасады.

Құрылыс компаниясының директоры Әбдіғаппар Сәрсенбаев ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевқа ғимарат ішінде орналасатын заманауи жиһаздардың үлгісін көрсетіп, дизайнын таныстырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі