Бар-Илан университетімен байланыс артты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Израильдің Бар-Илан университетінің бас директоры Зохар Инонмен кездесті.
Жүздесуде ректор білім ордасының жетістіктері мен ҚазҰУ-дың Израиль университеттерімен ынтымақтастық байланысына тоқталып, ортақ мақсаттарды талқылады.
ҚазҰУ бүгінде Холон технологиялық институтымен және Хайфа университетімен академиялық ұтқырлық бойынша байланыс орнатқан. Ректор бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, оқытушы-профессорлар алмасу, PhD докторанттарға ғылыми жетекшілікті жүзеге асыру бағыттары бойынша ынтымақтастық бағыттарын атап өтті.
Жақында ҚазҰУ факультеттерінің декандары (химия және химиялық технология, физика-техникалық және механика-математика, ақпараттық технологиялар) Бар-Илан университетінің инженерия факультетінің деканы Зеев Залевскиймен кездесу барысында магистранттар үшін қосдипломды бағдарлама әзірлеу туралы келісімге келген болатын.
ҚазҰУ магистранттары мен докторанттары 2021-2024 жылдары Иерусалимдегі Тель-Авив және Еврей университеттерінде тағылымдамадан сәтті өтті.
«Біз жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар саласындағы серіктестікті дамытуға ниеттіміз. Жаңа технологияларды пайдалану саласындағы өзара байланысты қарастырып, бірлескен жобаларды іске асыру жоспарын дайындау, қосдипломды білім беру бағдарламасын әзірлеу және енгізу қажет», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры.
Өз кезегінде Бар-Илан университетінің бас директоры Зохар Инон университеттің қызметі туралы баяндады. Атап айтқанда, «Білім беру мекемесінде жасанды интеллект көмегімен зерттеулер жүргізілетін Ми институты жұмыс істейді. Ақпараттық технологиялар саласындағы серіктестік үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Осы бағытты дамыту маңызды деп санаймын. Бар-Илан университеті мен ҚазҰУ-да үлкен технологиялық мүмкіндіктер бар», – деп атап өтті Зохар Инон мырза.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық пен бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру туралы меморандумға қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі