ҚазҰУ-да «Тілдер апталығы» басталды

5 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай, «Тілдер апталығы» басталды.  Биыл апталық аясында 35-тен астам іс-шара өткізу  жоспарланған.

Мақсат – Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі мен  білім алушы жастардың мемлекеттік тілге деген  қызығушылығын арттыру, тіл мәртебесін көтеру.

Бір апта көлемінде өтетін апталық аясында түрлі конференциялар, түрколог, филолог ғалымдардың көшбасшылық дәрістері, ашық кураторлық сабақтар, танымдық рухани шаралар өткізіледі. Студенттер үшін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіне экскурсия ұйымдастырылады.

Белгілі тіл мамандарының қатысуымен жасанды интеллектіні қазақша құру, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, жоғары оқу орындарында жиналған қазақша контентті Google деректер қорына жүктеу мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары «Қазақ тілін және технологиялық прогресті қолдау үшін үлкен тілдік модельді (LLM) құру» тақырыбында 3 млрд теңгенің мегажобасын жеңіп алды.

Жобаның негізгі мақсаты – LLM оқыту үшін деректер қорын жинау және талдау, LLM моделін жасау және өнімділікті оңтайландыру, әзірленген тілдік модельді әртүрлі жүйелер мен платформаларға біріктіру.

Бұл мегажобаны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Назарбаев университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік  орталығы, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты мамандарымен бірлесіп іске асырады.

Ғалымдар тілдің фонетикалық-фонологиялық, морфологиялық, сөзжасамдық, просодикалық-интонациялық, синтаксистік және лексикалық ерекшеліктерін ескере отырып, қолданыстағы тілдік модельдердің архитектураларын қазақ тіліне бейімдеу ерекшеліктеріне зерттеулер жүргізіп, талдау жұмыстарын жүргізеді.

Сондай-ақ сапаны бағалау жүйесін әзірлеп, соның ішінде әртүрлі қолданбаларда тіл моделінің өнімділігін бағалау үшін интеграцияланған метрикалық жүйе құрады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі