ҚазҰУ мен Қытай колледжі бірлесіп кәсіби аудармашыларды даярлайды

6 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Хайнан кәсіптік ғылым және технологиялар колледжінің вице-президенті Пан Лин бастаған делегациямен келіссөз жүргізді.

Кездесуде екі тарап ынтымақтастық аясында бірлесіп қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерін жетік білетін кәсіби аудармашыларды даярлау бойынша өзара пікір алмасты.

Жүздесу барысында Жансейіт Түймебев Пан Лин бастаған делегацияның университетке сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін және жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік жасайтынын атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 26 мыңнан астам студент білім алады. Соның ішінде 4 мыңнан астам білім алушы жас шетелден келген. Қазіргі таңда оқу ордасында 970 қытайлық студент оқып жатыр. Болашақта туризм саласында ортақ жұмыс істеуге екі жақтың мүмкіндігі мол деп санаймын. Бүгінде ағылшын және қытай тілдерін жетік меңгерген мамандар сирек. Сондықтан алдағы уақытта ҚазҰУ қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерін жоғары деңгейде біліп шығатын аудармашыларды даярлай алады. Осы бағыттағы жұмыстарды бірлесіп қолға алу қажет деп есептеймін», – деді ректор.

Өз кезегінде Пан Лин әріптестік байланыстарды дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«Қазір Қытай ғылымға қатты көңіл бөлуде. Сондықтан екі білім ордасы бірге  ғылыми бағыттағы серіктестікті жаңа бағытта дамытатынына сенімдімін. Әріптестікті нығайту мақсатында ортақ халықаралық ғылыми шараларды өткізуді және студенттер алмасу жұмысын жандандыруды ұсынамын», – деді колледж вице-президенті.

Жүздесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты серіктестікті дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын айтып, аталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі