ҚазҰУ-да «K-Chang» ашық кітапхана бұрышы ашылды

6 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде Оңтүстік Кореяның Кёнсанбук-до провинциясының «K-Chang» І халықаралық ашық кітапханасы филиалының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Сәбит Суатай, Кёнсанбук-до провинциясының губернаторы Ли Чол У, Ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы департаментінің төрағасы Шин Хек Ван, Кёнбук  өнер және мәдениет қорының мәдениет және өнерді дамыту жөніндегі атқарушы директоры Чой Джонг Су, «Жаңа әлем» компаниясының бас директоры Ли Сунг Хи, Оңтүстік Корея Республикасының Алматыдағы бас консулы Пак Нэ Чон, консул Чой Мун Хи және университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Кореяның 59 жоғары оқу орнымен тығыз байланыс құрып, бірлескен жобаларды іске асырып, академиялық ұтқырлық бағытын дамытуда. Қазіргі уақытта шығыстану факультеті Ханкук шет тілдер университеті, Дунгук университеті, Каннын-Вонджу университеттерімен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Сеул ұлттық университетімен де жоғары деңгейде байланыс орнатылған. Каннам университеті мен Пусан шет тілдер университетімен қос диплом бағдарламасы әзірленген.

Биыл ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл және корейтану бөлімінің ашылғанына 30 жыл толып отыр. Оңтүстіккореялық әріптестер ұсынған «K-Chang» халықаралық ашық алаңындағы кітапхана бұрышында  корей тілінде 500 кітап қойылған.

«K-Chang» халықаралық ашық алаңындағы кітапхана жобасы біздің жан-жақты байланыстарымыздың жемісті нәтижесі. Бұл шығыстану факультетінің, Қиыр Шығыс кафедрасының, корейтану бөлімінің мамандары мен студенттері үшін үлкен олжа», – деп атап өтті әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Сәбит Суатай.

Іс-шара аясында «K-Chang» жобасының таныстырылымы өтті. Бұл барлық студенттерге арналған оқу бұрышы, онда олар әртүрлі тақырыптағы кітаптармен танысып, білімдерін толықтыра алады.  Кёнсанбук-до провинциясының губернаторы Ли  Чол У мырза бастаған делегацияның жақсы бастамасы екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта отырып, университет басшылығының қолдауына ие болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі