Шығыстану факультетінде көшбасшылық дәрістер басталды
Шығыстану факультетінде 2024-2025 оқу жылына «Тұрақты даму мақсаттары (ЦУР)» негізінде жүзеге асырылатын жоспарланған "Сапалы білім бағыты" бойынша көшбасшылық дәріс оқылды. 2024 жылдың 4 қыркүйек күні Қытайтану кафедрасының 2009 жылғы түлегі Сопиев Әлібек Болатұлы факультетімізге арнай келіп студенттермен жолығып, «Бүгінгі заманда шығыс тілдерін білудің артықшылықтары» деген тақырыппен дәріс оқыды.
Бүгінгі күні Әлібек «Altyn bank» АҚ Корпоративтік директорының орынбасары қызметін атқарып отыр. Ол бүгінгі әлемдегі геосаяси жағдай туралы, әлемнің назары шығыс елдеріне қалай ауып жатқаны туралы тұшымды әңгімелей келіп, өзінің қытай тілін игерудегі кездестірген қиындықтарын, оны игеру жолдарын айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті. Студенттер көп сұрақтар қойды. Сұрақтардың дені қытай тілін игеру оның қызмет табуына, мансабының өрлеп-өсуіне қаншалықты ықпал еткені туралы және болашақта қытай тілімен қандай жұмыс табуға болатыны туралы болды. Әлібек қойылған сұрақтарға жан-жанжақты, тыңғылықты жауап беріп отырды. Факультет және кафедра басшылығы болашақта Сопиевті жұмысберушілер кеңесіне қосатынын және студенттердің практика өтетін орнын қамтамасыз ету үшін «Altyn bank» АҚ арадағы байланыстың дамитынын жеткізді. Жиын соңынан факультет деканының орынбасары Қанфиева Шынар мың сан шаруасының арасынан уақыт тауып, өзінің Alma mater-іне келіп, осындай тағылымды дәріс оқыған Сопиев Әлібекке алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстады.