ҚазҰУ магистранттары Францияда тәжірибеден өттіFarabi University

ҚазҰУ магистранттары Францияда тәжірибеден өтті

11 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының «Мұнай химиясы» мамандығы бойынша екінші курс магистранттары Францияның Лион Клод Бернар университетіндегі тәжірибелік оқуын табысты аяқтады.

10 айлық оқу барысында Нәдір Жамантай, Иван Классен, Ақжол Ақан және Нұрлы Тасболатова жоғары дайындық пен кәсіби шеберлік таныта отырып, ғылыми жұмыстарын қорғады.

Университет профессоры Шашанк Мишра өз хатында ҚазҰУ-дың ынталы, талантты студенттерді жібергені үшін алғысын білдірді. Бұл академиялық байланыстар студенттеріміздің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып, университеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуде.

Магистранттарымыздың халықаралық аренадағы жетістігі университетіміздегі білім деңгейінің жоғары екенін  және студенттердің дарындылығын растауда. Бұл жетістіктер төменгі курс студенттерінің білімдерін жетілдіруге деген ынтасын арттырып, университет имиджін жақсартуға септігін тигізеді.

Шетелде оқу магистранттарға халықаралық ортаға енуге көмектеседі әрі олардың біліммдерін толықтырып, жаһандық трендтерді түсінуге мүмкіндік береді. Олар мансаптық, жеке даму мақсаттарына қол жеткізеді. Шетелде оқыған түлектер көбінесе еңбек нарығында бәсекелестік артықшылықтарға ие, өйткені жұмыс берушілер халықаралық тәжірибе мен мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын бағалайды.

Бірлескен білім беру бағдарламасының бастамашысы Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.д., профессор Е.А.Әубәкіров болды. Оның ауқымды жұмысы арқасында ҚазҰУ магистранттары Еуропаның үздік университеттерінде білім алуға бірегей мүмкіндік алды және өздерінің өршіл ғылыми армандарын жүзеге асырды. Ғалымның бір магистранты –  Иван Классен Ұлыбританиядағы Манчестер университетінің докторантурасына түсті.

ҚазҰУ халықаралық оқу орындарымен тығыз байланыс аясын кеңейту, тәжірибе алмасу және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында Клод Бернард Лион1 университетімен және басқа ЖОО-лармен ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыстарды жүйелі жалғастыра береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі