ҚазҰУ-да тұңғыш рет түркі әлемі жастарының форумы өтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.
Жүздесуде тараптар Түркі әлемі жастарының форумын өткізу бойынша жұмыс жоспарын пысықтап, келісімге қол қойды.
Биыл қараша айының 20-23 күндері өтетін ауқымды шараны ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Алматы қаласының әкімдігі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырады.
Әңгімелесу барысында оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев айтулы форумды өткізуде ҚазҰУ тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Жастар форумы түбі бір түркі мемлекеттеріндегі жас буын өкілдерінің басын қосуға үлкен мүмкіндік береді. ҚазҰУ үшін осындай жоғары деңгейдегі іс-шараны ұйымдастыру үлкен мәртебе. Сондықтан университет тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылады», – деді ректор.
Өз кезегінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев түркі әлемі жастар форумының негізгі мақсатын атап өтті.
«Мақсат – түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достық қарым-қатынасты арттыру. Сондай-ақ бұл шараға Ресей, Молдова, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Мажарстан елдерінің жастары да қатысады. Бұл форум елімізде тұңғыш рет өткелі тұр», – деді Сұлтан Раев.
Кездесу соңында тараптар ұйымдастыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі