Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әділдік, академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған «Адалдық сағаты» өтті.
Іс-шараның мақсаты – әділетті қоғам құруда парасаттылық қағидаттарын ілгерілету, адамгершілік идеологиясын тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру.
Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің превенция басқармасының басшысы Қанат Сәлімбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректорының м.а. Сәбит Суатай, заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Еркін форматта, ашық диалог, пікір бөлісу, сұрақ-жауап алмасу түрінде өткен «Адалдық сағатында» Қанат Әсембайұлы баяндама жасап, студент жастардың бойында адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Өз сөзінде басқарма басшысы Қанат Сәлімбаев елімізде атқарылып жатқан жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік туралы айтып, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен құқықтық сананы дамыту мәселелеріне тоқталды.
Студенттерге тұрмыстық, корпоративтік, саяси коррупция түрлерімен күресу жолдары түсіндіріліп, адалдық пен ар-намыс ұғымдары туралы бейнероликтер көрсетілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі