Президент кеңесшісі ҚазҰУ студенттерімен жолдауды талқылады

13 қыркүйек, 2024

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапары барысында оқу ордасының оқытушыларымен және студенттермен кездесті. Жүздесуде қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында көтерілген мәселелерді жан-жақты талқылады.

Жиында Мәлік Отарбаев жолдау мазмұнын терең түсіндіріп, оны жүзеге асыруда жастар рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауы тоғыз негізгі бағытты қамтыды. Президент барлық сала бойынша түрлі бастамаларды көтеріп, алдағы жұмыс жоспарын бекемдеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген барлық саяси реформалар болашақта өз жалғасын таба береді. Президент ел жастарының бойынан адалдық, еңбекқорлық және әділдік қасиеттер табылу қажет екенін үнемі айтып келеді. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. Осы тұрғыда сапалы білім алу үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Мемлекет басшысы жастардың болашағына үнемі мән беріп отырады», – деді Мәлік Нұржанұлы.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жолдауды жүзеге асыруда жастардың белсенді болуы қажет екенін баса айтты. «Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – жастар.  Сондықтан Президент жолдауын өскелең жас ұрпақ терең түйсініп, оны жүзеге асыруда белсенді болулары қажет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – ғылым мен білімнің қара шаңырағы. Сондықтан ҚазҰУ студенттері саяси және қоғамдық жұмыстарға үнемі атсалысуы керек», – деді ректор.

Жиын барысында филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, журналистика факультетінің деканы, журналист Қанат Әуесбай, Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек және заң факультетінің 1-курс докторанты Назерке Жұмаділова сөз сөйлеп, жолдауда айтылған мәселелер бойынша  өз ойларын ортаға салды.

 

Өз сөзінде Қансейіт Әбдезұлы: «Жолдау біздің алдымызға үлкен міндеттер қойды, үлкен жол ашып отыр. Көптеген мәселелерімізді шешуімізге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жолдауда айтылған мақсат-міндеттер тек мемлекет алдына қойылып отырған жаңа белестер ғана емес, әрбір еңбек ұжымының, әрбір кәсіпорынның, әрбір оқу ордасының алдында тұрған белестерді де межелейді», – деді.

Әсет Құранбек өз баяндамасында цифрлық және қаржылық сауаттылықты, сондай-ақ ғылымды мектептің білім беру бағдарламаларына енгізу маңызды екенін айтты.

Қорытындылай келе, Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев іс-шарада айтылған ілкімді ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі