Таиланд ғалымдарымен ортақ жобалар іске асады

13 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Таиланд Корольдігінің және Чулалонгкорн университетіндегі «Халал» ғылыми орталығының делегациясын қабылдады. Университет басшысы қонақтарды қарсы алып, халықаралық QS рейтингінде Топ-200-де  163-орында тұрған  Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнының қызметі мен жетістіктері туралы баяндады.

ҚазҰУ Таиландтың жоғары оқу орындарымен бұрыннан-ақ қарым-қатынас орнатқан болатын. ҚазҰУ делегациясы 2013 жылы Азия аймағының жетекші университеттері – Чулалонгкорн университеті (Таиланд) және Сеул ұлттық университеті (Оңтүстік Корея) ұйымдастырған «Азия университеттерінің болашағы үшін жаңа көзқарас құру» атты Азия университеттерінің ІІ форумына қатысты. Кездесу барысында университет өкілдері ынтымақтастықты орнату және дамыту, сондай-ақ одан әрі өзара іс-қимылдың жолдарын анықтау мәселелерін қарастырды. 2021 жылы Чулалонгкорн университетінде «Әл-Фарабидің қазіргі әлемге қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өтті, оған ҚазҰУ өкілдері қатысып, баяндама жасады. Чулалонгкорн университетінің өкілдеріне ҚазҰУ қызметіне қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірген ректор Жансейіт Қансейітұлы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары жан-жақты және өзара іс-қимыл перспективалары ауқымды екенін атап өтті. Ғылыми-зерттеу қызметі, академиялық алмасу және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында нақты қадамдарды талқылау және әзірлеу қажет.

Өз кезегінде делегация басшысы, Таиланд Корольдігі елшілігінің өкілі, доктор Оратай Фубунлап Гунасилан ҚазҰУ өкілдерінің қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, Бангкоктағы (Таиланд) Чулалонгкорндағы қоғамдық автономды зерттеу университетінің жетістіктері туралы айтты. Оның құрамына 19 факультет, үш колледж, бір мектеп және бірнеше институт кіреді, ЖОО-да 40 мың студент оқиды. «ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен таныса отырып, біз өзара тиімді ынтымақтастық стратегиясын әзірлеуге көмектесетін көптеген қызықты және маңызды ақпарат алдық», – деп атап өтті Оратай Фубунлап Гунасилан.

Кездесу серіктестікті дамыту және бірлескен ғылыми-зерттеу, білім беру жобаларын іске асыру мәселелерін талқылаумен аяқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі