ТДМ 8. Қазақ ұлттық университеті атом электр станцияларына мамандар дайындайды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен 27 тамызда өткен «КазАтомЭкспо» халықаралық ядролық энергетика көрмесінде кадр дайындау туралы айтты.
Нұрзада Бейсеннің айтуынша, факультетте 90 жылдан астам уақыт бойы физик-техниктер дайындалады. Сонымен қатар, «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» тұрақты даму мақсаты бойынша биылдан бастап факультетте ядролық инженерия бойынша жаңа білім беру бағдарламасы ашылған.
«Бізде қос дипломдық бағдарламалар бар. Біздің студенттеріміз Ресей, Жапония, Корея, Қытай университеттерінде оқиды. Жыл сайын осы бағдарламалар бойынша 10-15 студент білім алады. Сонымен қатар, біздің студенттер Швейцарияда орналасқан Еуропаның ең ірі ядролық зертханасы — ЦЕРН-да тәжірибеден өтеді. Соңғы жылдары жас ғалымдарға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл елдің академиялық деңгейін көтеру үшін маңызды қадам», — деп түйіндеді физика-техникалық факультеттің деканы.