- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ Финляндия метеорология институты және «Қазгидрометпен» бірлесіп жұмыс істейді
ҚазҰУ Финляндия метеорология институты және «Қазгидрометпен» бірлесіп жұмыс істейді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға арнайы жұмыс сапарымен келген Финляндия метеорология институтының делегациясы университет басшылығымен кездесті.
Жүздесуге ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов, «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Алимбаева, Финляндия метеорология институты ауа сапасы бөлімінің басшысы Катя Ловен, Финляндияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Хелена Богдан қатысты.
Кездесу барысында ҚазҰУ, Финляндия метеорология институты және «Қазгидромет» меморандумға қол қойды. Аталған келісім метеорология және атмосфераның сапасын бақылауға, ғалым-сарапшыларға арналған тренингтер өткізуге, ортақ ғылыми мақалаларды халықаралық журналдарға жариялауға мүмкіндік береді.
Бірінші проректор Еркін Дүйсенов құрметті қонақтарға ілтипат білдіре отырып, ҚазҰУ-дың Финляндия метеорология институтымен байланысты одан әрі қарқынды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
«Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Финляндияның екі жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біздің география және табиғатты пайдалану факультетінің ғалымдары Финляндия метеорология институтында тағылымдамадан өтуде. Осы жұмысты бірлесіп жүзеге асырғаны үшін оқу ордасының басшылығы атынан ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деді проректор.
Өз кезегінде Катя Ловен ҚазҰУ мен институт арасындағы серіктестікті дамыту мақсатында бірлесіп конференциялар өткізу, ортақ ғылыми ізденістерді жүргізу, ғалымдар мен оқытушылар алмасу жұмыстарын іске қосу қажеттігін атап өтті.
Финляндия метеорология институты ауа сапасы, климаттың өзгеруі, Жерді бақылау, теңіз бен мұхитты зерттеу бойынша Финляндиядағы жетекші оқу орны болып табылады.
Сондай-ақ кездесу барысында «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Алимбаева сөз сөйледі. «Қазгидромет» мекемесі ҚазҰУ-мен және Финляндия метеорология институтымен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеміз. Соның арқасында ауқымды нәтижеге қол жеткіздік. Бүгінгі келісім болашақта аталған жұмыстарды жалғастыруға және үлкен жетістіктерге жетуге мол мүмкіндік береді деп санаймын», – деді Данара Алимбаева.
Жүздесу соңында тараптар келісімшарт бойынша жұмыс жоспарын құрып, жүйелі түрде жұмыс атқаруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі