АЭС құрылысы бойынша пікір алмасу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Атом электр станциясының құрылысы» тақырыбына бағытталған Pecha Kucha форматында жиын өтті.
Физика-техникалық факультеті ұйымдастырған іс-шараға ғалымдар, ядролық физика саласының мамандары, 100-ге жуық білім алушы жастар қатысты. Іс-шара студенттердің атом электр станциясының болашағы мен артықшылықтары туралы түсінігін арттыруға бағытталған.
Отырысқа қатысушылар елдегі энергия тапшылығы мәселесін шешудің мүмкін жолдарын қарастырып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен ашып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Еркін форматта өткен отырыста АЭС салудың оң тұстары, атом энергиясының ел экономикасына қосатын үлесі жан-жақты сөз болды. Студенттер дамыған елдердің қатарына кіру үшін уран өндіру әдістерін жетілдіріп, осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет деп санайды.
Кездесу барысында Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор С.Бөлегенова, доцент м.а. Е.Байжұма, физика-математика ғылымдарының докторы, доцент Т.Тусеев баяндама жасап, Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту, АЭС құрылысының қауіпсіздігі туралы ақпарат берді.
Шараға қатысушылар атом энергетикасы саласындағы білім деңгейін арттырып, АЭС қолданудың артықшылықтары мен перспективалары туралы ақпарат алды.
Сондай-ақ 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумға қатысуға дайын екендері туралы пікір білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі