50 жыл бұрын бітірген түлектер кездесті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да филология факультетін 50 жыл бұрын бітірген түлектер кездесті.
Түлектер арасында білікті ғалымдар, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері бар.
Жүздесу аясында түлектер филология факультетіне барып, өздері оқыған және дәріс тыңдаған аудиторияларды аралап көрді. Сондай-ақ олар жаңғырған ҚазҰУ қалашығын аралап, университетте жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты.
1974 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітіре сала жолдама алып, еңбек жолын Павлодар қаласынан бастаған филология факультетінің түлегі Галина Гүлнар көптеген жылдар әртүрлі қызметтер атқарып, Тараз қалалық мәслихатының депутаты да болған. «Біз бүгін еліміздің әр түкпірінен келген түлектер сүйікті білім ордамызда бас қосудамыз. Елу жыл бұрын біз ұшқан ұяда қазіргі ғимараттар жоқ еді, бүгінде қара шаңырағымыздың үлкен қалашыққа айналғанын көріп қуанып отырмыз. Осы білім ордасында оқытушылар мен профессорлардан алған білімімізді өз қызметімізде қолданып зейнетке шықтық», – дейді филология факультетінің түлегі.
Кездесу барысында түлектер өздері білім алған кезеңдегі естеліктерімен бөлісіп, филология факультетінің 1-курс студенттерімен арнайы жүздесті. Зейнеткер түлектер студенттерге «бүгінгі білім – ертеңгі сіздердің болашақтарыңыз» дей келе, оларға шығармашылық шабыт пен өмірлік табыс тіледі. Жиын соңында түлектер филология факультетінің студенттері ұйымдастырған шағын концертті тамашалады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі