Қытайтану кафедрасы ҚР Ұлттық кітапханасымен бірігіп «Әдебиет - достық шуағы» атты әдеби-мәдени іс-шара өткізді

18 қыркүйек, 2024

2024 ж. 17 қыркүйек күні қытайтану кафедрасының мұғалімдері мен оқушылары ҚР Ұлттық кітапханасымен ұжымымен бірігіп «Әдебиет -  достық шуағы» атты әдеби-мәдени іс-шара өткізді. Қытай және қазақ әдебиетін жақындастыру мақсатында өткізілген бұл іс-шара қытай халқының дәстүрлі «Күз ортасы» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған еді. Іс-шара барысында қытайтану кафедрасының мұғалімдері мен оқушылары «Шыңжаң газеті»  және «Көршілес» журналының редакциясы ұжымымен, «Бейжің Шанс халықаралық мәдени алмасу» ЖШС ұжымымен, «Шығыс әдебиеті» баспасының мамандарымен етене араласып, қазіргі қазақ, қытай әдебиетіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Іс-шараға, сонымен бірге, ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулдығының өкілдері мен қазақ ақын-жазушылары және Алматы қаласының оқу орындарында қытай тілін оқып жатқан студенттер  қатысты.

ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулдығының вице-консулы Люй И мырза мәдениеттің,  оның ішінде әдебиеттің елдер мен халықтарды жақындатудағы маңызды орнын ерекше атап көрсетті. Ол, сонымен бірге, болашақта осындай мәдени іс-шараларды жиі өткізу керектігін, және оған өз тарапынан қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Іс-шарада сөйлеген қазақ әдебиетінің   танымал өкілдері де бұндай іс-шарлардың қазіргі Қытай қоғамымен жақынырақ танысуға септігі тиетінін атап көрсетті. Кездесуде ән шырқалды, күй тартылды, қытай тілін оқып жүрген студенттер Қытай поэзиясының танымал туындыларынан үзінді оқыды.     Атылмыш мәдени іс-шарада, сонымен бірге,   Қытай дәстүрлі шәй рәсімі, қағаздан өрнек қию, каллиграфия сияқты қытайдың ұлттық дәстүрлі өнер түрлері таныстырылды; соңғы кезде аударылып, басылып шыққан Қытай әдебиетінің таңдаулы әдеби шығармаларының көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара соңында күз ортасы мерекесіне байланысты дәстүрлер таныстырылып,  көпшілікке осы мерекеде желінетін айкүлше - юебиң  таратылды.

 Дәулет Ф.Н., Е.Ә. Керімбаев