АЭС және жастар: ҚазҰУ-да зияткерлік сайыс өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысы» тақырыбында «Brain Ring» зияткерлік сайысы өтті.
Ойынға 80-нен астам студент қатысып, атом электр станциясы тақырыбына байланысты сұрақтарға жауап берді.
Іс-шараны Электроника және астрофизика кафедрасының меңгерушісі Ерұлан Сағидолда құттықтау сөзбен ашып, сайыстың ережелерін түсіндірді. «Осындай интеллектуалды ойындар қоғамдағы түйткілді мәселелерге жастардың назарын аударуға көмектеседі. Бұдан бөлек, ойлау және тез шешім қабылдау қабілетін дамытады. Қазіргі таңда АЭС салу тақырыбы өзекті мәселе. Сондықтан бүгінгі зияткерлік сайыс осы тақырыпқа арналып отыр», – деді Ерұлан Сағидолда.
Физика-техникалық факультеті ұйымдастырған зияткерлік сайыстың мақсаты – жастардың энергетика, ядролық қауіпсіздік және Қазақстандағы АЭС құрылысының экологиялық аспектілері туралы білім деңгейін арттыру, сыни ойлау дағдыларын дамыту.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар әрқайсысы 10 адамнан тұратын сегіз топқа бөлінді. Білім алушы жастар бірінші кезеңде атом энергетикасы саласындағы негізгі ұғымдар мен терминдерге түсінік берсе, екінші кезеңде АЭС тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Үшінші кезеңнің сауалдары атом электр станцияларының қоршаған ортаға, экономикаға әсерін талдауға бағытталды. Ал қорытынды кезеңде студенттер атом электр станциясын салудың пайдасы мен тәуекелдерін талқылап, пікірлерін ортаға салды.
Нәтижесінде жеңімпаз атанған қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі