Корей бөлімінің студенттері АЭС салу тақырыбында дебат өткізді

23 қыркүйек, 2024

       2024 жылдың 20 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «Шығыстану» мамандығы корейтану бөлімінің 3 курс студенттері "Оқитын елдің мәдениеті" курсының аясында Тұрақты даму мақсаттарын насихаттау бағытындағы дебат форматында іс-шара өткізді.   Дебат Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу тақырыбында жүргізілді. Пікірсайыс барысында студенттер АЭС құрылысының жағымды және жағымсыз жақтарын қарастырып, оның БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) ықпалын бағалады.


        АЭС құрылысына қолдау білдіруші студенттер АЭС-тің парниктік газдардың шығарындыларын азайтып, климаттың өзгеруіне қарсы тиімді құрал екенін атап өтті. Олар БҰҰ-ның 13-ші ТДМ-ін — климаттық өзгерістерге қарсы күресті қолдайтын аргументтерін алға тартты. Сонымен қатар, АЭС елдің энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық тұрақтылықты арттырып, 7-ші ТДМ – қолжетімді және таза энергия мен 8-ші ТДМ – экономикалық өсуді қолдауға үлес қосатынын айтты.
       АЭС құрылысының қарсыластарының пікірі бойынша, ядролық энергияның қаупі жоғары, әсіресе апаттар жағдайында экологиялық және адам денсаулығына әсері орасан болуы мүмкін. Бұл әсіресе 3-ші ТДМ – денсаулық сақтау мен салауатты өмір салтын қамтамасыз етуге қайшы келеді. Сонымен қатар, ядролық қалдықтарды басқару мәселелері де үлкен тәуекел тудырады. Олардың айтуынша, АЭС құрылысы қомақты қаржы талап етеді және бұл ресурстарды жаңартылатын энергия көздеріне жұмсау тиімді болар еді.
Дебаттың қорытындысы бойынша, студенттер АЭС салу мәселесінің күрделі екенін және оның әр қыры жан-жақты талдауды қажет ететінін мойындады. Алдағы уақытта бұл тақырып талқылау үшін өзекті болып қала береді.