ТДМ-4: Студенттер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студентінің Ар-намыс кодексімен және жатақхананың ішкі тәртіп-ережелерімен танысты

9 қыркүйек, 2024

       Жаңа оқу жылының басталуына орай 9-23 қыркүйек аралығында оқу ордамыздың Студенттер үйінде әр факульттет деканы, декан орынбасары, кафедра меңгерушісі, аға кураторы және қалашықтағы «Құқықтық тәртіп сақтау жасағы» қызметкерлерінің қатысуымен 1-курс студенттеріне арнайы жиналыс өтті. Бұл жиналыста студенттер ҚазҰУ студентінің «Ар-намыс» кодексімен және жатақхананың ішкі тәртіп-ережелерімен танысты. Атап айтқанда, студенттердің қоғамдық орындарда өздерін тәртіпті ұстап, әдеп сақтау, тұрып жатқан Студенттер үйіндегі бөлмелерінде тазалық сақтау, кешкі мерзімде жатақханаға белгіленген уақыттан кешікпей оралу және жатақхана ақысын уақытылы төлеп отыру қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ қалашықта темекі шегуге, қатты шулауға, қоқыс заттарды әр жерге тастауға болмайтындығы жөнінде айтылды.
    Жиналыс барысында студенттер өздерін мазалап жүрген тұрмыстық және оқу үдерісіне қатысты сұрақтарына жауап алып, өздері тұрып жатқан Студенттер үйінің ішкі тәртіп-ережелерін сақтауға және оған бағынуға, сонымен қатар ҚазҰУ студентінің «Ар-намыс» кодексін бұзбауға сөз беріп тарасты.