Ерлер денсаулығы тақырыбында конгресс өтуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ерлер денсаулығы аясындағы пәнаралық байланыстар» атты II халықаралық конгресс басталды.
Университеттің 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған іс-шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Ерлер денсаулығы» ҚБ.
Конгресс Қазақстан мен шетелдердің медицина және денсаулық сақтау саласындағы жетекші мамандардың басын қосты. Бағдарлама бойынша АҚШ, Нидерланды, Түркия, БАӘ, Еуропа, Грузия, Қытай және Ресейден келген спикер-ғалымдар сөз сөйледі.
Жиында ҚазҰУ басшылығының атынан Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, пәнаралық өзара іс-қимыл қазіргі заманғы медицинадағы жаңа тренд екенін атап өтті.
«Әртүрлі мамандықтағы дәрігерлердің бір мақсатқа бірігуі мұқтаж пациенттерге дұрыс емдеуді тез әрі сапалы іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі конгресс жұмысына халықаралық урология қоғамының (SIU) бас хатшысы, профессор Жан де ла Розетта, Еуразиялық урологиялық қауымдастықтың атқарушы директоры, профессор Н.Ж.Садыбеков (Қырғызстан), Өзбек урологтар қауымдастығының президенті, профессор А.А.Ғайбуллаев және басқа да танымал сарапшылар қатысуда», – деді проректор.
РҒА академигі, профессор, медицина ғылымының докторы, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Урология және андрология кафедрасының меңгерушісі Армаис Камалов құттықтау сөзінде Ресей мен Қазақстан ғалымдарының тығыз байланысын атап өтті. «Біздің көпсалалы және халықаралық жобалар аясындағы достығымыз бен көпжылдық ынтымақтастығымыз тек ғылыми білім мен тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар елдеріміз арасындағы интегративті қарым-қатынастарымызды нығайтуға ықпал етеді. Ресей мен Қазақстанда андрологиялық көмек көрсету өте жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді. Мұндай іс-шараларда тәжірибе алмасу баға жетпес үлес», – деді Армаис Камалов.
Пленарлық отырыс аясында өзекті тақырыптар бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық факультетінің Хирургия кафедрасының профессоры, ҚР «Ерлер денсаулығы» ҚБ төрағасы Болат Шалекенов, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Назгүл Иманғалиева, ММУ (Ресей) университеттік клиникасының профессоры Владимир Божедомов және басқалар баяндамаларын ұсынды.
Қатысушылар өзекті болып саналатын урологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері және соңғы технологиялар, роботтандырылған хирургия және минималды инвазивті процедуралар бойынша тәжірибе алмасты. Мамандар репродуктивті медицинадағы инновациялар, жаңа репродуктивті технологиялар, экстракорпоральды ұрықтандыру және генетикалық тестілеу әдістері сияқты көптеген тақырыптарды талқылады. Пікірталас барысында бедеулікті жеңу және репродуктивті бағдарламалардың тиімділігін арттыру мәселелері де қозғалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі