ТДМ-4 Журналистика факультетінде алғашқы Ғылыми кеңес өтті

21 қыркүйек, 2024

Журналистика факультетінде 2024-2025 оқу жылының алғашқы Ғылыми Кеңесі өтті. Жиын барысында факультет деканы Қанат Әуесбайұлы Кеңестің жаңа құрамымен таныстырды. Сонымен қатар  факультет деканы Президент жолдауындағы басым бағыттарға тоқталып, аталған мақсат-міндеттерге қатысты іс шараларға бағыт-бағдар берді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында еліміздің алдағы уақыттағы сапалық дамуын анықтаған тоғыз бірдей басымдықты нақтылап,  Астанада жасанды интеллектінің ұлттық орталығы құрылатыны туралы жаңалықты сүйіншілеп жеткізді. Білім және ғылым саласында да жасанды интеллектінің бүгінде жаппай енгізіліп жатқаны белгілі. Фараби университетінің ақпараттық технология факультетінде бұдан бірнеше жыл бұрын Жасанды интеллект кафедрасының ашылуы да осы саланы тыңғылықты зерттеп, мұқият зерделеуге мүмкіндік туғызды. Біз де осы тарапта бұл бағыттағы жұмысты толық зерделеп, журналистика факультетінде келешекте журналистикадағы жасанды интеллект білім беру бағдарламасын ашуды көздеп отырмыз»,- деді Қанат Әуесбай.

Жиын соңында  декан орынбасарлары  мен кафедра меңгерушілері осы жылы оқу әдістемелік және ғылыми инновациялық бағыттар бойынша жоспарланған іс-шараларды бекітті.