ҚазҰУ-да СБПУ-мен бірлескен халықаралық форум өтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде ҚазҰУ мен Солтүстік-батыс политехникалық университетінің бірлескен халықаралық ғылыми-зерттеу форумы бастау алды.
ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған форумның мақсаты ғылым мен технология саласындағы заманауи мәселелерді талқылау мен оның шешімдерін әзірлеуде озық білім алмасу алаңын құруға бағытталған.
Халықаралық жиынды ашқан ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова: «Бүгінгі форум 2023 жылғы мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында қол қойылған келісімнің нәтижесінде мүмкін болды. Елімізде Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының ашылуы Мемлекет басшысының 2024 жылы 2 қыркүйектегі жолдауында айтылған стратегиясына сәйкес келетін ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы. Осы ретте форум тәжірибе, білім алмасу, жаһандық мәселелерді шешуге ықпал ететін және ғылыми жобаларды құрудың бірегей мүмкіндігі болмақ. Бірлескен іс-жүйенің арқасында біз академиялық және ғылыми зерттеу салаларында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Біздің өзара ынтымақтастығымыз инновациялық дамудың жаңа көкжиегі мен мүмкіндіктерін ашады», – деді проректор.
Өз кезегінде сөз алған Солтүстік-батыс политехникалық университетінің Инженерия және материалтану ғылыми мектебінің деканы Фу Цянган: «Бүгінде Солтүстік-батыс политехникалық университеті – Қытайдағы жалғыз авиация, аэроғарыш, навигация салаларында маман даярлайтын ғылыми-зерттеу бағытында көпсалалы әрі кәсіби ашық бағытты ұсынатын университет. 2017 жылы ең үздік ЖОО тізіміне еніп, халықаралық университеттер альянсының мүшесі болып қабылданды. Осы ретте жоғары дәрежелі технология, инновация салаларында бірлесе маман даярлау біздің ортақ ниетіміз. Бүгінгі ҚазҰУ-дың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің ҚазҰУ-ға жасаған алғашқы сапарым. Университет тарихы мен ғылыми ортасы мені таңғалдыруда және келешектегі филиал қызметінің дамуына сенімім мол», – деді декан.
Жүзден астам жаңа технология, инновация саласының ғалымдары мен сарапшыларының басын қосқан форумға Солтүстік-батыс политехникалық университетінің өкілі, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінің ғалымдары мен студенттер қатысуда. 28 қыркүйекке дейін жалғасатын форум негізгі екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Конденсацияланған заттар физикасы, нанотехнология және материалтану ғылымдарының заманауи мәселелері» атты көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Шәмші Шәріпұлы Сәрсембиновті еске алуға арналған конференция. Екінші бөлімде «Материалдар геномикасы және интеллектуалды ғылымдар бойынша «Бір белдеу – бір жол» инновациялық конференциясы өтеді.
Форум аясында қатысушылар қазіргі таңдағы авиация, жаңа технология, инновация салаларындағы өзекті мәселелерді талқылап, оның шешімдерін ұсына отырып, өзара тәжірибе алмасатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі