Заң факультетін 45 жыл бұрын бітірген түлектер кездесті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды 45 жыл бұрын бітірген заң факультеті түлектерінің кездесуі өтті.
Іс-шара аясында түлектер «Farabi HUB» орталығын, Дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығын, «Қашықтықтан зондтау және қолдану технологиясы» Қазақстан-Қытай бірлескен халықаралық зертханасын, Жағдаяттық басқару орталығы мен мұражайды аралады. 1979 жылғы түлектерді ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов қарсы алды. Ол ҚазҰУ жұмысының жетістіктері мен бағыттары туралы айтып берді.
Биыл ҚазҰУ QS WUR рейтингінде 67 позицияға алға жылжып, 230-орыннан 163-орынға көтерілді. Әлемнің үздік 200 университетінің қатарына еніп, қазақстандық және Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында көшбасшы атанды. Бұл нәтижелер университеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді және оның одан әрі дамуын анықтайды. «Сіздер университетті бітіргелі көптеген елеулі өзгерістер болғанын көріп отырсыздар. ҚазҰУ зерттеу университеті мәртебесіне ие болды және бүгінде үздік кадрларды шығаруды жалғастыруда», – деді проректор А.Қазмағамбетов.
Түлектермен кездесуде заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов құттықтау сөз сөйлеп, факультет жетістіктеріне тоқталды. Өз кезегінде түлектер өздерінің кәсіби еңбек жолдары туралы айтып, жас буынмен тәжірибе бөлісті. «Бұл кездесу тек курстастармен кездесу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар біз үшін факультетімізге құрмет көрсету мүмкіндігі», – деп атап өтті заңгер, ҰҚК генерал-майоры Нағашыбай Атшабаров.
Кездесуден соң түлектер кезінде өздері білім алған заң факультетінің аудиторияларын аралады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі