Ғылыми жарияланымдар этикасы талқыланды

27 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Туваның жаңа зерттеулері» журналының бас редакторы Ламажаа Чимиза «Халықаралық стандарттар бойынша журналдар жұмысының ерекшеліктері мен жариялау этикасы мәселелері» тақырыбында дәріс оқыды.

Ғылыми жарияланымдар саласындағы өзекті мәселелер мен үрдістерді талқылауға батытталған жиынға ғылыми журнал редакторлары, ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылар жиналды.

Чимиза Кудер-Ооловна – Тува мемлекеттік университетінің этнология және лингвомәдениеттану зертханасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы. Білікті маман халықаралық стандарттарды сақтау үшін ғылыми журналдарда қолданылатын заманауи тәсілдер мен әдістерге шолу жасады, рецензиялау процесінде жасанды интеллектіні пайдалану және жарияланымдардың ашықтығын арттыру үшін онлайн платформа сынды жаңа технологияларды таныстырды.

Ламажаа Чимиза халықаралық стандарттар мәселесі мен ғылыми жарияланымның этикалық аспектілеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ ол үздік ұтқырлықты енгізу тәжірибесі және олардың ғылымның түрлі салаларындағы тиімділігімен бөлісті. Ғылыми журналдардың университеттер және ғылыми-зерттеу институттарымен өзара іс-қимылы тақырыбына тоқталып, ғылыми зерттеулердің білім беру процесіне интеграциялануы және жарияланым қызметінің қазіргі талаптарын ескере отырып, болашақ ғалымдарды даярлау туралы да айтты.

Дәріс аясында қатысушылар ғылыми жұмыстарды сәтті жариялау және ғылыми коммуникацияны дамыту үшін қажетті жаңа стандарттар мен әдістемелер, рецензиялау аспектілері, плагиаттың алдын алу және ғылыми коммуникациядағы ашықтықты қамтамасыз ету туралы сұрақтарға жауап алып, өзара пікір алмасты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі