ҚазҰУ мен Нежметтин Эрбакан университеті келісімге қол қойды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Нежметтин Эрбакан университетінің ректоры Джем Зорлумен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар ғылым және жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға ілтипат білдіре отырып, ҚазҰУ-мен серіктестікті нығайтуға ниет білдіргені үшін алғысын білдірді. Ректор өз сөзінде Түркия ЖОО-ларымен тығыз байланыс орнағанын атап өтіп, Нежметтин Эрбакан университетімен серіктестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінгі таңда Түркияның 46 университеті және ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта. 2023/24 оқу жылында ҚазҰУ-дың 17 оқытушы-профессорлар құрамы, 99 докторант, 47 магистрант және 18 бакалавриат студенттері біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу үшін Түркия университеттерінде болды. Қазіргі уақытта оқу ордасында 61 түрік студенті білім алуда. Бұл университеттің білім беру бағдарламаларына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Нежметтин Эрбакан университетінің ректоры Джем Зорлу одан әрі жемісті серіктестік тараптар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді. Құрметті қонақ жоғары оқу орны интернационалдандыру процесін табысты жүзеге асыруға, осы бағытта тұрақты және жүзеге асырылатын стратегияларды әзірлеуге үлкен мән беретінін атап өтті.
«Нежметтин Эрбакан университеті құрылғаннан бері қысқа уақыт ішінде халықаралық әлеуетін көтеріп, 2019 жылы сыртқы байланыстарды үйлестіре бастады. Біз академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттер мен оқытушылар алмасу, соның ішінде Эразмус+, Мевлана және Фараби арқылы халықаралық платформаларға біріктіруге тырысамыз. Біз шетелдік студенттерге жеңілдіктерді 100 пайызға арттырдық. Нәтижесінде жыл сайын түрлі елден келген 2000-ға жуық шетелдік студентті қабылдаймыз. 2014-2020 жылдар аралығында 500-ден астам студент пен 100 қызметкер Эразмус+ алмасу бағдарламаларын пайдаланды», – деді Джем Зорлу.
Кездесу соңында екі университет ректоры өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі