РУДН профессоры дәріс өткізді

1 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да филология ғылымының докторы, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті (РУДН) Орыс тілі институтының Орыс тілі және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының профессоры Ұлданай Мақсұтқызы Бахтыкерееваның дәрісі өтті.

Дәріс «Зерттеушінің субъективтілігі туралы» тақырыбына арналды.

Іс-шараға университеттің оқытушы-ғалымдары, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Профессор Ұ.Бахтыкереева зерттеу жұмысының барысына әсер ететін жеке және мәдени факторларды қоса алғанда, еңбектердегі субъективтілікке қатысты негізгі мәселелерге тоқталды. Ол өз сөзінде зерттеушінің субъективтілігін түсіну сапалы және объективті ғылыми білімді қалыптастырудың маңызды шарты екенін атап өтті. Әрбір ғалым өз зерттеулерінде субъективтілікті қолдана отырып, өзін-өзі жариялай алады, осылайша ғылыми жанр аясынан шығуы мүмкін. Бұл сонымен қатар ғылыми еңбектердің дәйексөздігіне әсер етуі мүмкін және зерттеу объектілері мен әдістерін таңдауда ғалым жеке ұстанымның маңыздылығына назар аударуы керек. Сондай-ақ оқытушы ғылыми тұжырымдардың қалыптасуына әсер ететін субъективті факторлар туралы айтты. «Субъективтілік тек кәсіби дағдылар мен біліммен ғана шектелмейді», – деп атап өтті профессор. «Ол зерттеу тақырыбын таңдауға және оны зерттеу тәсілдеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін жеке құндылықтарды, мотивацияны және мәдени контексті қамтиды». Дәріскер өзінің көзқарасы мен ойлауына әсер еткен белгілі авторлардың дереккөздері мен еңбектерімен бөлісті. Бұл белгілі ғалымдардың кітаптары – Г.Грачев, Н.Мельников, М.Тлостанова және т.б.

Дәріске қатысушылар ұсынылған идеялар мен тақырыпты талқылап, сұрақтар қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Профессор Ұлданай Бахтыкереева зерттеушінің ғылыми қызметтегі субъективтілігінің негізгі аспектілеріне, зерттеу қызметінде теориялық тұжырымдамаларды практикалық қолдануға қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді.

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты, ҚазҰУ-дың Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасы ұйымдастырды.

Ұлданай Бахтыкереева – «Полилингвиальность и транскультурные практики» ғылыми журналының бас редакторы. «Филологические науки (Научные доклады высшей школы)» журналының ғылыми редакторы; «Новые исследования Тувы», «Социальные и гуманитарные науки на Дальнем Востоке», «Северо-Восточный гуманитарный вестник», «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы» (Қазақстан); «The Turkic Studies»; Homeros журналдарының кеңестері мен редакциялық алқаларының мүшесі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі