ҚазҰУ мен Гренобль-Альпі университеті бірлескен орталық ашады

1 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Францияның Алматыдағы бас консулы Фабрис Неве бастаған Гренобль-Альпі университетінің делегациясы арнайы келді.

Шетелдік қонақтар құрамында Гренобль-Альпі университетіндегі француз тілі орталығының директоры Катрин Каррас, тіл, әдебиет факультетінің халықаралық қатынастар директоры Саския Мугнье, Геоэнергетика орталығының директоры Аньес Буссе бар.

Сапар барысында құрметті меймандар ҚазҰУ қызметімен танысып, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Алтай Қазмағамбетов бастаған жұмыс тобымен келіссөз жүргізді.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін, атап айтқанда ҚазҰУ базасында француз тілін оқытатын бірлескен орталықтың ашылуын талқылады.

Кездесуде Алтай Қазмағамбетов Фабрис Невеге ҚазҰУ-дың Франция жоғары оқу орындарымен, институттарымен және ұйымдарымен ғылыми байланыс бойынша мол тәжірибесі бар екенін жеткізді.

«Бүгінгі таңда екі ел арасындағы серіктестік қарқынды дамып, тереңдей түсуде. Лотарингия университетімен ортақ «Механика және энергетика» қосдипломдық бағдарламасы және «Мұнай-газ ісі» бойынша білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Гавр университетімен халықаралық қатынастар факультетінде түрлі ғылыми жобалар жүзеге асып жатыр. «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша Шампан-Арденна университетінде 6 магистрант, Лотарингия университетінде 14 магистрант пен 3 докторант оқиды. Бірнеше жыл бойы Гавр университетінің профессоры Пьер Шабал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде дәріс оқып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді», – деді проректор.

Өз кезегінде Францияның Алматы қаласындағы бас консулы Фабрис Неве екіжақты қарым-қатынастың артып келе жатқанын атап өтіп, ҚазҰУ-дағы механика-математика факультетінің базасында бірлескен орталық ашуды ұсынды.

«Жаңа орталық француз тілі мен мәдениетін үйретуге және университеттер арасындағы серіктестікті нығайтуға үлкен үлес қосады», – деді Фабрис Неве.

Кездесуге қатысушылар ҚазҰУ мен Гренобль-Альпі университетінің одан әрі ынтымақтастығының перспективаларын атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі