ҚазҰУ мен EESC байланыс орнатуда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапарымен келген Еуропалық әлеуметтік-экономикалық комитет (EESC) делегациясы университет департаменттері директорларымен кездесті.
ҚазҰУ-дың Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Есбол Өміржанов университет қызметі туралы баяндап, беделді халықаралық ұйымдар және қоғамдастықтармен ынтымақтастық бағыттарына тоқталды.
Өз кезегінде Кәсіби және басқарушы кадрлар кәсіподақтары конфедерациясының халықаралық қатынастар басшысы Маркус Пенттинен Еуропалық одақтың Еуропадағы азаматтық қоғамның консультативтік органы болып табылатын Еуропалық әлеуметтік-экономикалық комитеттің (EESC) қызметі туралы айтты.
ЕО-ның институционалдық құрылымы шеңберінде ЕESC еуропалық әлеуметтік-кәсіби мүдделер топтарының өкілдеріне және басқа да тұлғаларға ЕО мәселелері бойынша өз көзқарастарын білдіру үшін ресми платформа ұсынады. ЕESC сыртқы байланыстар бөлімі (REX) ЕО-ға кірмейтін елдердің және онымен ресми қарым-қатынасы бар өңірлердің азаматтық қоғам ұйымдарымен диалог жүргізеді. Қазақстанмен қарым-қатынас осы диалогтың бір бөлігі болып табылады.
«Миссияның мақсаты – біздің мүшелеріміздің Қазақстандағы азаматтық қоғамның жағдайы туралы түсінік алуы үшін жағдай жасау, сондай-ақ болашақта EESC қарым-қатынас орнатып, оны қолдай алатын ұйымдарды бөліп көрсету», – деп атап өтті Маркус Пенттинен.
Тараптар өзара пікір алмасып, ынтымақтастықты жетілдіру бағыттарын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі