Ректор ҚазҰУ түлектері Жүрсін Ерман және Тұрсын Жұртбаймен кездесті

2 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман және жазушы, филология ғылымының докторы, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбаймен кездесті.

Қос руханият жанашыры ҚазҰУ-ды бітіргендеріне 50 жыл болған салтанатты шараға қатысу үшін арнайы оқу ордасына келген.

Университет басшысы Жансейіт Түймебаев Жүрсін Ерман мен Тұрсын Жұртбайға «Ерен еңбегі үшін» алтын медалін табыстап, қаламгерлердің ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытуға қосқан  елеулі еңбектерін айрықша атап өтті.

 «Сіздер оқып, білім алған ҚазҰУ қазіргі таңда дамып, гүлденіп келеді. «Елу жылда – ел жаңа», биыл оқу ордасына – 90 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ қалашығын жаңғыртудың  екінші кезеңі қолға алынып, жаңа құрылыстар бастау алды. Бүгін өздеріңіз университетке келіп, тыныс-тіршілігімен танысып, жастармен пікірлестіңіздер. Университет өздеріңіздей қайраткер түлектерін әрдайым мақтан тұтады», – деді ректор.

Өз кезегінде М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, көрнекті ақын Жүрсін Ерман көшбасшы жоғары оқу орнын мерейлі белесімен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді. «Төл университетіміздің мерейтойы айтулы оқиға. Бүгінде білім ордасы алып университетке айналды. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Болашақта ҚазҰУ көркейіп, үлкейіп, жаңара берсін. Біз әрдайым тілектеспіз», – деді ақын Жүрсін Ерман.

Сондай-ақ кездесуде Тұрсын Жұртбай сөз сөйлеп, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – қазақтың ұлттық ойлау жүйесінің алтын ұясы» деп  санайтынын баса айтты.

«Әр ұлттың ойлау жүйесін, болашаққа бағдарын, өткен тарихын болжап, зерттеуге мүмкіндік беретін – ол университет. Кешегіні, бүгінгіні, ертеңгіні байланыстырып, соған қозғалыс беретін мамандар дайындалмаса,  ұлт еш уақытта жоғары деңгейге көтерілмейді. Фараби университеті ақыл-ойдың, қазақы тәрбиенің, ғылымның болашақтағы кепілі деп санаймын», – деді Тұрсын Жұртбай. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі