АЭС тақырыбына арналған интеллектуалдық сайыс өтті

3 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Атом қуаты инновациялар мен шешімдер» тақырыбында OPEN-AIR интеллектуалдық сайысы өтті.

 

Журналистика факультеті ұйымдастырған шараның мақсаты – жастардың ядролық қауіпсіздік, энергетика және Қазақстандағы АЭС құрылысының экологиялық аспектілері, атом энергиясының жұмысы жайлы білім деңгейін арттыру мен сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған.

«Бүгінгі сайыста жастар атом энергиясының жұмыс істеу жүйесі мен оның қолданылуы, әлемге қалай әсер ететіні және оның болашақтағы маңыздылығы жайлы білімдерін тексерді деген ойдамын», – дейді журналистика факультетінің 4-курс студенті Құралай Құрман.

80-нен астам студент жастар қатысқан ойын негізгі төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар топқа бөлініп, атом энергетикасы саласындағы негізгі ұғымдарға түсінік берсе, екінші кезеңде әлемдік АЭС тарихы бойынша білімдерін сынады. Үшінші кезеңде қатысушылар «АЭС елімізде қандай мәселелерді шеше алады?» деген сұраққа жауап берді. Ал төртінші кезеңде студенттер электр станциясын салудың пайдасы мен тәуекелдерін жан-жақты талқылап, өз ойларын ортаға салды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі