ТДМ-4 ҚазҰУ түлектері 50 жылдық мерейтойын атап өтті
Бүгін әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің түлектері 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Олар 1969-1974 жылдар аралығында университеттің журналистика факультетінде білім алған. 50 жылдық кездесу ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында ЖОО Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың келісімімен жоспарланған. Кездесуге еліміздің әр өңірінен 30-ға жуық түлек келді. Түлектер алдымен оқу ордасының ғимаратымен танысты. Әл-Фараби кітапханасын аралады, әл-фараби мұражайының тарихымен танысты. Кітапхананың 4-қабатында орналасқан көрмені де тамашалады, тамсанды. Кейіннен журналистика факультетінің Темірбек Қожакеев атындағы түлектерге арналған шараға қатысты.
Мерейтойлық жиынды филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев ашты: «Біздің факультетте жыл сайын студенттер келіп тұрады. Негізі түлектер мамыр айында келеді, біз енді қыркүйекте жиналып тұрмыз. Ештен кеш жақсы деген. Біздің курста осалы жоқ, өйткені біз оқуға түскенде бәсекелестік жоғары болатын. Бір орынға 7-10 адам таласатын. Бұл жердегілер сол орынға таласып түскендер. Бәрі журналистиканы сүйетін, мамандағына адал жандар. Бұл курсты сүйікті курс деп бәрі мойындайды» - деді публицист.
Ақпарат саласының үздігі, «Қазақ әдебиеті» газетінің ардагері, түлек Гүлжамал Теміреева естеліктерімен бөлісті: «Біз 52 бала оқыдық. Оның 30-ға жуығы өмірден озды. Бір құшақ болып, бір уыс болып қалдық. Десе де, әрқайсының болмысы таудай, Отанға, ұлтқа істеген еңбектері ұшан теңіз. Бүгінгі шараны ұйымдастырған жандарға рақмет» деді. Жиында қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай ректор Жансейіт Түймебаевтің атынан түлектер жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай мен ақын, журналист Жүрсін Ерманға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
«Курстас деген бір сөздің өзі көрген кездегі жан-жылулығының өзі біздің жанымызға қуат береді. Университет бұл қазақ ұлтының келешектегі жетістігі мен бүгінгі талпынысының, кешегі тарихының куәсі деп ойлаймын. Ұлттық ойлау осы университетте қалыптасады. Осыдан 50 жыл бұрын ұстаздарымыз әрқайсысымызды жеке таңдап жетекшілік етті. Үлгі өнеге көрсетті. Бүгінде сол ұстаздарымызды сағынып әрі әруағына табынып жүреміз» - деп тәлім берген ұстаздарын еске алды.Іс-шараға қатысқан студенттер де түлектерге жүрекжарды лебіздерін білдірді. Аға буын өкілдерін мерейтоймен құттықтап, кеңестері мен естеліктері үшін алғыс айтты. Осы тұста Төлеген Берішбаев екі белсенді студентке түлектер атынан шәкіртақы ұсынды. Құрманғазы Бексайынов ақсақал жастарға шараға қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, батасын берді.
Шара соңында түлектер журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайға алғыстарын жеткізді. Және арнайы әкелген қолөнер бұйымдарын да тарту етті. Айта кетсек, 1974 жылы журналистика факультетінде 400-ге жуық студент оқыса, бүгінде 27 білім беру бағдарламасымен 1436 студент білім алады. Ал оқу орнында жалпы 27 мың студент оқиды екен.